31.08.2022
  89


Автор: Ербол Бейілхан

Махаббат па?

Махаббат па?
Ол енді болған, болар.
Жан емеспін жабығып жолдан қалар.
Базарында баян жоқ дүниеден,
Көріп тағы тұрғам жоқ, оңған базар!..
Сенің сәулем жүріппін шуағыңмен,
Сен жоқ жерде көңіл пәс, қуану кем...
Шешімі оңай жұмбақты тез табамын,
Шешімі жоқ сен ғана сұрағым ең?!..
Сұрағым ең – мәңгілік басымдағы,
Әлемімнің ақ айдын, жасыл бағы.
Астананың кеш келер көктеміндей,
Көңілдің бұл аспаны ашылмады...
Жиі-жиі оқ тиіп сертімізге,
Күз сыйладым көктемдей көркіңізге!
Қоштаса сап қайтадан сағынатын,
Ем таба алмай отырмын дертімізге!..
Ұшқан құстан сұратып дерегіңді,
Хат күтумен өлтірдім, төре – күнді...
Сары қызды күздей боп сағынамын,
Сағынышқа тоғытып өлеңімді...





Пікір жазу