31.08.2022
  97


Автор: Ербол Бейілхан

БIР САБАҚ ГҮЛ!

Бiр сабақ гүл – Ай бетiнде биiкте,
Сол гүл барда – Ай ажарлы, түн жарық!
Менiң жаным – алтын мүйiз киiкте,
Ал киiгiм, мұң жамылған – бiр ғаріп...
Бiр сабақ гүл - сары түстi – Сағыныш,
Ой – дария... Кеудем – теңiз толқынды.
Құстар үнi, теңiзiмде сабылыс,
Көптiң шуы толтыра ма олқымды?!
Бiр сабақ гүл – алып койған еркiмдi,
Кеш тыңдаған, таусылмайтын ертегiм.
Дауасы жоқ гүлден жұққан дертiмдi,
Қалай жазам, не болады ертеңiм?..
Бiр сабақ гүл – азабым да, мұңым да,
Ай арманға қол созамын жетем деп.
Менiң гүлiм – жүрегiмде, жырымда,
Қалса екен сағыныш боп мекендеп.
Бiр сабақ Гүл!





Пікір жазу