31.08.2022
  103


Автор: Ербол Бейілхан

САРАҢДАУ СӨЗ ЕДІМ...

Жаз келді.
Көңілге емес,
Мезгілге,
Сағындым! Айтпаймын сездің бе?
«Жаным» деп тотыдай сайрасақ,
Қәдірі кетпей ме сөздің де?!..
Аңсадым, тылсыммен сезерім,
Көзіңде бұршақтар көгенің.
Бір жолға он ойды сыйғызар,
Мен деген – сараңдау сөз едім.
Біз жайлы – көкті де тіледі үн,
Гүл едің, солмашы тілегім!
Аузымды ауыртып қайтемін,
Өзің деп сөйлейді жүрегім...
Селк етіп, қорқамын өзімнен,
Мәжнүнмін, жүрегі езілген.
Өсекші өлеңде жазбаймын,
Оқырсың сырымды көзімнен...





Пікір жазу