31.08.2022
  67


Автор: Ербол Бейілхан

Айдың беті мөп-мөлдір...

Айдың беті мөп-мөлдір,
Бұлт етегі жібек-ті.
Сәуле күтем көктен бір,
Дір еткізер жүректі.
Жымың көзді жұлдыздар,
Мекені оның қай жақта?
Мен сүйетін бір қыз бар,
Күн бататын аймақта.
Шыңның басы мәңгі қар,
Күн өтпейді қызарған.
Таң бозында Ай құлар,
Ұлар шулап құзардан.
Биік-биік тақталар,
Маңыраған құлжалы.
Ашылмайтын шақшалар,
Құпиялар туралы...
Терең-терең сай, жылға,
Тентек-тентек өзендер.
Арман сынды ай, жылда
Асу бермес кезеңдер.
Күрең-күрең күңгейлер,
Жабағылы теріскей.
Шешілмейтін күрмеулер,
Сөйлемейтін бейіттер...
Шер далам-ай, күй сіңген,
Кісінеген, боздаған.
Кер далам-ай, күрсінген,
Шемен, шерді қозғаған.
Табиғатым - сыңарым,
Махаббатым, сезімсің!
Таусылғанда құмарым,
Әлдилер де, өзіңсің!..





Пікір жазу