31.08.2022
177
НҰРАСЫЛҒА
Жанымның жарты бөлшегі,
Қылығың балдай сүйкімді.
Сен болсаң маңым ертегі,
Сағынтып бұздың ұйқымды.
Тараған қаннан бөлшегім,
Бәйтерек болсам тамырлы.
Сендерсің күнім ертеңім,
Жалғайтын мына әнімді.
Түсіме кірдің тағы сен,
Әкелеп бойға асылып.
Әкеңнің бары, бағы сен,
Сағынып келем тасынып.
Сағындым, ұлым күлкіңді,
Аймалап қанбай сүйер ем!
Бұзбауын үшін ұйқыңды,
Бейбіт күн қана тілер ем.
Ақ бұлттан кеттім биікке,
Арманға толы құшағым.
Тамыр байлап ем үмітке,
Биіктеп кетті ұшағым.
Жаратқан жаннан тіледім,
Сендерге аппақ, нұрлы жол!
Ла әмин, қабыл тілегім,
Бақытты, бақты, сырлы бол!
Сағындым еркем өзіңді,
Аспандап кетті өлеңім.
Сағындым былдыр сөзіңді,
Құс болып ұшып келемін...