31.08.2022
  87


Автор: Ербол Бейілхан

ШИМАЙ-ШИМАЙ...

Шимай-шимай ақ қағаз – тарихымның
беттері,
Жұлым-жұлым қауырсын...көңілімнің
кептері…
Баба – ғұмыр туралы балбал тастар
сөйлейді,
Өзім – Қазақ! Түркімін... арғы тегім
Көкбөрі.
Ұмыттыра жаздапты: дінім, тілім, ділімді,
Ұмыт қыла жаздапты – күмбірлеген
күйімді.
Арғымағын ұлтымның көлеңкеден
үркітіп,
Таспен жауып қойыпты, ақиқат пен
шынымды.
Мақтай-мақтай өлтіріп, Ұлтты қырған
ұлықты,
Жасқай-жасқай өзгелер киіп алдық
құрықты...
Ердің құны есі ауған бөтелкемен
өлшеніп,
Қыздарымыз боп кетті, етегімен
қылықты...
Сол заманға түкірдім!
Кешір мені, кешір ме,
Қайран ұлтым қор болдың,
кесапат пен кесірге...
Әппақ қағаз арыңды шимайлатып өзгеге,
Бәрін көрдің сойқанның
туған жердің төсінде.
Енді неден жасқандық
Күн шыққанда көгіне,
Көрген қорлық, босқан жұрт
көрінбей ме көзіне?
Ұлтарақтай жер үшін: мұз жастанып,
қар құшар,
Қайсар ұлан өссе екен, тартып туған тегіне.
Болашақтан күтеміз!
Ұшпас бақыт, баянды із,
Оян - Сана, Жайна – Жас!
Көгімізде арай жүз!
Шыңды аңсаған, бірақ та,
шимай-шимай көңілді,
Өмір өзі өшірмей, өшіреміз қалай Біз?..





Пікір жазу