ЖОЛАЙЫРЫҚ...
Екі тарам, жолда тұрмын! Жолайырық...
Екі бөлек, ойда тұрмын! «Ой айырық!..»
Жылай-жылай менен қалды ел айырылып,
Жырлай-жырлай туған жерден
мен айырылып...
Шерге толы шекарадан аттадым,
Мендік мұңды көтере алмай
жер айырылып...
Мұңсыз, ойсыз өтті қашан қай тегім,
Қоңыр ойда – қоңыр аңдай қайқы едім!
Күн қақтаған балбалдарда сөйлейді,
Диірмендей дөңгелеңген Ай тегім!
Жеті қат жер, Жеті қат көк біледі,
Жеті атамнан алшы және тәйкі едім!
Тау өзені бұзып аққан арнасын,
Жалқы жаным жағалайды жар басын.
Ел көшкенде жетім қалған маңырап,
Арқар емген қоңыр қозым қайдасың?..
Тәутекелер Тәңірге кеп тәу еткен,
Туған өлкем түсімдесің, ойдасың!..
Сенде ағайын ел көшкенде егілген,
Қимастықтың ақ жаңбыры төгілген.
«Басы қап пе ед», – дейтін қазақ атаңның,
Әкем, атам, әжем жатыр көмілген...
Күлдір-күлдір кісінейтін күн сайын,
Мен төбел тай, шекарада бөлінген...
Сенде қалды жоғалған бір қазығым,
Күз келмей-ақ, сағыныппын қаз үнін!..
Ту ұстаған тұғырымнан шаңқылдап,
Туған жерге жетіп жатты әз – үнім!
Бес асқардың бесігінде тербелген,
Сағынышты сарыала қаз сазымын!
Ел бөлінген шекарада бір сызық,
Бір сызықтан әрең өттім мұң сызып...
Қара кемпір жылап отыр жаулықты,
Қара бала ойнап отыр құм сызып...
Бала шақтан – болашағым маңызды,
Атажұртта өсіп жатыр мың шыбық!