31.08.2022
127
ӨТКЕН ШАҚ ПЕН ОСЫ ШАҚ
Бес асқардың басында ойын қалды,
Үш Ойғырда кісінеп тайым қалды.
Өр Алтайда аңыз боп атам қалған,
Ақ Жайықта мөлдіреп Айым қалды...
Сағыныш қой, бәрі де: ұйқы ұрлаған,
Тағдырымды қайтемін күлкі ұрлаған?!
Таң бозында алғанда көз шырымын,
Жұлдыз сөніп жатады тың тыңдаған.
Түс көресің...қалқа сол күлімдеген,
Бабаң демеп, ақ әжем “күнім” деген.
Қоңыраудан оянып, ұйқың қанбай,
Дүниеге сіңесің дүбірлеген...
Өткен шақ пен осы шақ арасында,
Бөрі - ғұмыр иттермен таласуда...
Арқан түсіп шошынған қашағандай,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?