31.08.2022
209
Өзге әлемнің тұрғыны едім...
Өзге әлемнің тұрғыны едім,
Хақ суытып бір күні өңін
Жат мекенге жіберді.
Бір құрдымға құлдиладым,
Шақырады ылдидан үн,
Ал, өр жағым түнерді.
Келдім мұнда... қайғы анық көп -
Таң атқанда ай ғайып боп,
Кеш батқанда, күн өлді.
Қараңғы мен жарық екен
Тіршілікке ел қарық екен
Шерге толды жүрегім.
Қимас жанның көзін көрдім,
Сосын күйрек сезімге ердім,
Сол табар деп бір емін...
Бебеулеген беу, көңілім,
Иеленді кеудені мұң,
Жалған бермей шын өңін.
Көз жасымды жұлдыз жұтып,
Айтарымды жүр күз күтіп -
Кімге бодан болармын...
Есіңді жи, пендем дейді,
Жүрегі оның өлген дейді
Көк тілімен жоғарғы үн.
Есім жидым, селт еттім де,
Теріс қарап ертек-күнге,
Тастап соған күнәні ұмыт,
Жоқ жүрекке дұға қылып,
Меншікті боп жатқа күлкім
Жүгіндім де Хаққа бір күн
Мекеніме оралдым...