31.08.2022
118
Жалғандағы жалғыз – мен...
Жалғандағы жалғыз – мен,
Айдалада андыз ба ем.
Қарақшыдай бір күдік
Тамырынан таңды үзген.
Күн де жалғыз, ай жалғыз,
Қарық дейсің қай жалғыз.
Тұңғиықтан шыға алмай,
Күйкілікті ойлармыз.
Боз шапанды үмітім
Бозараңдар күні-түн,
Жымысқы мұң арбайды
Қас-қабағы жылы тым.
Қынабынан шықты алмас,
Тасқа тисе – түк қалмас.
Қыр соңымда – қызыл ит
Қайда барсам құтқармас.
Жарықты айттық күндіз деп,
Жүрмін налып, кімді іздеп.
Аспанда да тіршілік,
Ай-жалғыз да, жұлдыз көп.
Ай көңілі қаяулыҚаламайды аяуды.
Жаға беріп қайтейін,
Әлем-жәлем бояуды.
Жазмышымда – жалғыздық.
Жалқылықтан шаңды үздік.
Жүрегімді жүк қып Ай,
Тұңғиықта сан жүздік.
... Жалғыздық-ай... жалғыздық...