31.08.2022
119
Жауқазын шақ жалт етті...
Жауқазын шақ жалт етті,
Қызғалдақ күн қылт етті.
Мұнарланған көгімді
Күңгірлетіп бұлт өтті.
Жанарымда түн қалды,
Жүрегімде мұң қалды,
Несіне Аллам сыйлаған
Жалған да жалған мұңдарды.
Мың жұмбағы шешілмей,
Өкінішті өшірмей.
Өте шықты бір күндер,
Қыз Жібектің көшіндей.
Тәтті елеске тұнып қыр,
Көз ұшында күліп тұр.
Сұрғылт күнін сүлік қып,
Сұрқай тірлік сұлқ тұр.
Жанымды мұң жайлап ап,
Санамды ауыр ой қамап.
Күрсінемін.. бір күнде,
Жүріппін-ау ай қарап.
Өзім – жалғыз.. жаралы,
Жүрек шерлі, қаралы.
У жайлаған кеудемді
Өксік өртеп барады
...Елік шағым қалады.