31.08.2022
69
Тәнін бүркеген жапырақ еді...
Тәнін бүркеген жапырақ еді,
Пәршалап кетті қараша.
Қараша неткен ақымақ еді,
Сұрайды қайың араша.
Лыпалық біреу тастамады да,
Қалғандай болып көз құны.
Мөлтілдеп шырын-жас тамады ма,
Аз емес еді өз мұңы.
Кеберсіп қалған шөл-таңдайыма
Қайыңның жасын татырдым.
Шипа боп тиер сөл қандайыңа,
Татырып алып, аһ ұрдым.
Жұп-жұмыр дене ұмсына жаурап,
Көргеннің есін алып тұр.
Қызбалау бұлт тұншығады аунап,
Есінен мүлде танып бір.
Желігін басып, мүлгиді қайың,
Бойсұнып үнсіз тағдырға.
Бұлт көзінен сырғиды уайым
Жуасып қайың алдында…