31.08.2022
123
Суылдаған сұр жебе...
Суылдаған сұр жебе –
Нысанада тұр дене.
Қақ жүректен қадалса
Қайғы емес пе кімге де.
Суылдаған сұр жебе –
Мерт болады құр дене.
Ажал деген немене
Аңдып жүрген бірдеме.
Ғұмыры оның мәңгілік,
Көкжиекті шаң қылып,
Шарқ ұрады неліктен
Түнді апарып таңға ұрып.
Кімнен алар ақысын,
Кім тергейді жат ісін.
Бір сұр мерген аңдуда
Әр адамның қапысын.
Қадамыңды санайды ол,
Ту сыртыңа абай бол.
Аңдыған жау алады –
Қалай босаң солай бол.
Тірлік қайда тұщынар,
Құр қиялдың күші – нар.
Жүрегімді сыздатқан
Сұр жебенің ұшы бар...