31.08.2022
87
Күн тілінен нәр тамды...
Күн тілінен нәр тамды,
Түн тілінен бал тамды.
Бірақ... тағдыр – мыстанның
Сұм тілінен зәр тамды.
Күннің нәрі сұйылды,
Түннің балы сұйылды.
Таңдайыма тылсымнан
Жырдың дәмі бұйырды.
Нәрді татқым келгені,
Балды татқым келгені.
Ақын ішкен аңдаусыз
Зәрді татқым келмеді.
Күннен безгім келмеді,
Түннен безгім келмеді.
Түсініксіз өзіме
Кімнен безгім келгені.
Дән ұсынды тәңірім,
Дәм ұсынды тәңірім.
Қалғымашы пендем деп,
Жан ұшырды тәңірім.
Зәр тамыпты дәміме,
Сәл тамыпты дәніме.
Таңдайынан тәңірдің
Нәр тамыпты бәріне.
Күн тілінен нәр жұттым,
Түн тілінен бал жұттым.
Тәңіріме құлақ сап,
Іркіліп ем, қалғыппын.
Мәз қалпында – кім екен?!
Жазған тұлға – ұлы екен.
... Көзімді ашсам, дүние
Қаз қалпында тұр екен.