31.08.2022
73
Ар арбасты жаламен...
Ар арбасты жаламен,
Қара албасты соңымда.
Маңдайымда - қара мең,
Таңбаланған сорым да...
Жыламаймын шыршаға,
Естімейді, себебі.
Мөлдірлігін кір шала,
Жаным өксіп келеді.
Жыламаймын қайыңға,
Түсінбейді, білемін.
Аязды ақпан айында
Ақ мұнарға сіңемін.
Улы тілді сұм жала,
Шашын жұлып, долданар.
Күреңденген күн ғана
Қобалжумен жол қарар.
Ақ мұнардың ішінен
Асқақ шыңға тіл қатам,
Жұбатқанын түсінем,
Азабымды тыңдатам.
Шың дегенің - кісілік,
Жанымдағы шерді алар.
Өз айыбын түсініп,
Жер шұқумен жел қалар.