31.08.2022
  99


Автор: Жанат Әскербекқызы

Бойым тарттым бүгіннен...

Бойым тарттым бүгіннен,
Бетіме көп үңілген.
Мен күтпеген сөз шықты,
Ыңыранған іңірден.
“Сен кімсің” деп, сызданды,
Көңілде сыз – із қалды.
Аспандағы Ай иіліп,
Айтпақ болды ізгі әнді.
Есітпе деп сұмдықты,
Іңір үнін түн жұтты.
Тайталасты жұлдыздар –
Қайсысы әлсіз, кім мықты?!
Амалсыздан жүдеген,
Ай оқыды бір өлең.
Шолпан көзін ашпады –
Түн бойына түнеген.
Түн құрсағы бүлкілдеп,
Есін жиды біртіндеп.
Ай қарады мұңданып,
Мен қарадым күлкім кеп.
Жұлдыз араз бізбенен,
Ірілікті іздеген.
Жерде қалып көңілім,
Көктен күдер үзген ем.
Төбеде отыр ірісі,
Біз – ақынның тірісі.
Жалбарынып қайтейін,
Жыр жазайын дұрысы.





Пікір жазу