31.08.2022
101

Көтеріп ап мұң-көзені...
Көтеріп ап мұң-көзені,
Сұлбам менің түн кезеді.
Ғайып болар әлдеқайда
Келген кезде күн кезегі.
Тәнін бүркеп боз жамылғы,
Талақ қылып тозған үнді.
Түнде ғана бой көрсетіп,
Кешіп кетер өзге ағынды.
Қараңғылық- қабағында,
Түнерген ой – жанарында.
Жүрегіне ай қонақтап,
Жұлдыз жатар табанында.
Таңға жат боп тылсым өңі,
Тал бойына түн сіңеді.
Өң мен түстің арасында
Болар-болмас күрсінеді.
Көтеріп ап мұң-көзені,
Сұлбам менің түн кезеді.
Жолығар ма жоқшысына
Келер ме екен бір кезегі...