31.08.2022
133

Ішкі дүнием – Ай тұтылған түн-әлем...
Ішкі дүнием – Ай тұтылған түн-әлем,
Қараңғылық, қадамыма құмар ең,
Пенделерге қимасам да мұңымды,
Періштелер ұғымында күнәлі ем...
Көлеңкемді төсегіме көмермін,
Ай ыңырсып, соңғы әніндей төгер мұң,
Қараңғыда қарауытар амалсыз -
Өмір деген - көлеңкесі өлеңнің.
Мыстан-күдік нені аңсады ...күрсінді,
Тау түнерді паналатып бір сырды,
Жабырқайды жарқабаққа мұң шағып,
Жаным менің - Ай тұтылған түн-сынды...
Керегі жоқ түнге келіп түнеудің,
Айдан өзге ол сорлыға тіреу кім?!
Ай туғанда бата қылса өзгелер,
Айға жоқтау айтатұғын біреумін!