31.08.2022
  115


Автор: Жанат Әскербекқызы

Санам шырмалды сайтанның сандырағына...

Санам шырмалды сайтанның сандырағына,
Сансырап қалдым, сыбырлап таң құлағыма.
Алланың абзал ақ қанат періштелері,
Адасып бір сәт амалсыз қаңғырады да.
Оралғандаймын бақидың тозағы жақтан,
Төзімді сілкіп, азаптың тозаңы қапқан.
Күнәлі болған көзімнен ыршыған жасты,
Боз таңға бодан қылармын бозарып атқан.
Сонан соң... тылсым ғарышқа көзімді қадап,
Өзегі өксік жалғызға өзімді балап.
Өзгеге артып, қажыған жүректің жүгін,
Сенделіп кетем, жоғалған сезімді қарап.
Күдігім-күңкіл, жазмышта азабым-ғұмыр,
Құдірет қалам, Лаухқа жазарыңды біл.
Жүрекке кірер жол таппай қинайды жанды,
Бір түйір қан боп жүгірген әзәзіл-күбір.
Жанымның шерін бебеулеп шертеді де өлең,
Дәруіш боп барам мәңгілік өртеңіңе мен.
Сұлбамды тастап, алдамшы аяр жалғанға,
Жүректе жанған отыма өртеніп өлем...





Пікір жазу