31.08.2022
  106


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді...

Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді,
Кісінеуі кімді еске түсіреді.
Иесінің жоқтығы - өңім еді,
Ер-тоқымсыз келгені түсім еді.
...Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді...
Сор тіледі, қайсысы бақ тіледі,


Өзегімді ащы өксік қақ тіледі.
Еңіреген Ертісті артқа тастап,
Жағасынан Есілдің тапты мені.
Түнеремін, жүзімді желге беріп,
Жел табалар, жанымды шерге көміп.
Толқып жатқан Есілді ес тұтқандай,
Келді жорға... мұң шаққам мен де келіп.
Қарашықта қалқытып нала-мұңды,
Шомылдырдым кірбіңге қабағымды.
Шылбырына жорғаның оралып ем,
Аңдып жүрген дұшпан-жел таба қылды.
Көкірегімде бір үміт көзін ілді,
Жұлқылады озбыр жел төзімімді.
... Көкшіл сағым ішіне жұтылайын,
Жетекке алып Көк жорға-сезімімді.





Пікір жазу