31.08.2022
117
Мен түнге айналамын...
Мен түнге айналамын –
Айдан алқа тағамын,
Жұлдыздан сырға саламын.
Қара шашымды жаямын
Қара көзіме ызғарды іркіп,
Шайқап ішемін
Тағдырдың берген шалабын.
Шыңның басын шырмаймын,
Таудың сырын тыңдаймын.
Ләззат шырынын ұрлаймын,
Қап-қара жорғаны мініп,
Тұңғиыққа аттанамын –
Артыма мойын бұрмаймын.
Ағытылып алқам қалады,
Шашылып сырғам қалады,
Қара шашымды қырау шалады,
Мені іздеп шыққан бозала таңым
Шашылған мүлкімді
Жоқтауын айтып жинап алады.