30.08.2022
  208


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сенделіп, сенімім налып...

Сенделіп, сенімім налып,
Жалғаннан көңілім қалып,
Бойға шақ кебінімді алып,
Кетемін,
Көлеңкеме еріп.
Күніме мұңымды шағып,
Түніме – түгімді салып,
Сыбызғы-сырымды шалып,
Жетемін,
Қабіріме келіп.
Күліп те, жылап та тұрып,
Ұнамай, ұнап та тұрып,
Өмірім сұраққа тұнып,
Өліммен көрісем ұзақ.
Амалсыз әмірге көніп,
Жанымды Тәңірге беріп,
Тәнімді қабірге көміп,
Көлеңкем сілейіп қалар.
Көңілдің кірбіңі қалып,
Күйкілеу тірлігі қалып,
Шаттығы, сұмдығы қалып,
Кетеді елеске айналып.
Көлеңкем – елесім менің,
Налысаң, демесін дедім...





Пікір жазу