29.08.2022
  102


Автор: Жанат Әскербекқызы

Күңгірт тартып күлгін күн...

Күңгірт тартып күлгін күн,
Жігерімді құм қылдың...
Сезім болды күл-парша,
Қай түні еді мың бірдің?!
Басылмады солығым,
Жан-жүрегім толы мұң.
Күні қайсы, түн қайсы...
Мені кімге жорыдың?!
Күн шындық та, түн сұмдық,
Сол шындыққа құлшындық.


Түн қойнында тартынбай,
Күн шыққанда қымсындық.
Жұлдыз біткен жымыңдап,
Әлденені тұр ымдап.
Сылқ-сылқ күлер егде өзен,
Құлағыма сыбырлап.
Түн қойнында – бұламын,
Күнге де аздап ұнадым.
Түн мен күннің арасы –
Менің сәттік тұрағым.
Таңырқама сен бүгін,
Бұлдық жетіп кергідім.
Мың бір түнім таусылды,
Жатырқай ма енді күн?!
Сезімімді тұл қылдың,
Сағымды мың сындырдың.
Шындық деп ем... неліктен
Күңгірттендің... күлгін Күн?!





Пікір жазу