29.08.2022
  137


Автор: Мақпал Жұмабай

Білесің бе?

Білесің бе, жұлдыздарсыз
Аспан мүлде аспан емес,
Ай менен Күн бірін-бірі
Жалынсаң да тосқан емес.
Білесің бе, сүйрер қайда
Тағдырыңның бұралаңы.
Кезіп-кезіп жер мен көкті ол
Туған үйге оралады.
Білесің бе, сағынышсыз
Мұңдарыңның мұң емесін.
Егер шындап сүйе алмасаң
Өмірдің де шын емесін.
Білесің бе, ауырлығын
Үміттерді арқалаудың.
Басыңдағы қайғы екенін
Бақытыңды байқамаудың.
Бақыттылық өз қолыңда,
Мұңсыз көзге мұң тұна ма?
Дүниені бар ғып тұрған
Күн және де күлкі ғана!
Білесің бе, Күн шығады,
Ұясына кіру үшін.
Адам ғана күреседі
Бақытты өмір сүру үшін!!!





Пікір жазу