29.08.2022
  85


Автор: Мақпал Жұмабай

Арманым менің шыңдарда...

Арманым менің шыңдарда,
Әзірге жүрмін қырларда.
Сол жерде барлық бақытым,
Сол жолда барлық мұңдар да.
Түн кетті. Келді күн аңғал.
Аңқайып қана тұр аңғар.
Мәз-мәйрам тек бір баяғы
Алматыдағы сығандар.
Әлемде әккі мың қайғы
Мың қайғы бар-ау сырнайлы.
Білесіңдер ме, жанардың
жарқылдамауы – шын қайғы.
Шомылғым келді шалғынға,
Қанаттарым-ай, талдың ба?
Қуанып кетем, арайлар,
Өзіңнің ғана алдыңда!
Жүрегімнен сең жырды ырғап,
Ағады мың-мың сырлы ырғақ,
Қонақтап қалды көзіме
Сұлу іңірлер мызғыр шақ.
Кімдерді білдім, кімдерді...
Сүйемін ессіз күндерді.
Мен іздеп келем, жан ана,
Сен айтқан еңлік гүлдерді!





Пікір жазу