29.08.2022
  88


Автор: Мақпал Жұмабай

Ақ жаңбырлар селдетіп, тойлады қыр...

Ақ жаңбырлар селдетіп, тойлады қыр,
Мен жадырап кетпедім жазғалы жыр.
Жабысып-ап сонша мұң жүрегіме
Жанымды жабырқатып қойғалы жүр.
Әп-пақ өлең, әп-пақ жыр, әй, лағыл сыр,
Аянышты өзіңсіз Айдағы нұр.
Келеке етпе қамкөңіл адамдарды
Күлегештің айласы, қайдағы бір!
Сен бетімнен сүйдің бе, таңғы сәуле,
Болмағаным ендеше жәй бір әуре.
Барлық, барлық бақытым көлге айналып
Жағадағы қарайды ләйлі гүлге.
Ұғынамын үлпілдек жыр мекенім,
Жүрегімнің лүпілі – жырда екенін.
Күз бақыты – көктемде, күзді көрсем,
Сезем барлық ақынның мұңды екенін.
Шұғыласын шашатын бақбақтарға,
Қуаныштың барлығы - әппақ таңда.
Кірпіктерін көтеріп мұңдарымның
Армандарым қарайды асқақ тауға.
Өткелдер мен өмірдің ойдымдарын,
Өткеремін басымнан тойдың бәрін.
Ақ жаңбырлар селдетті, мен де жауып,
Жабырқатып жанымды қойдырмадым!





Пікір жазу