29.08.2022
  110


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Арланмен айқас

Жылы қан. Желім сынды жылымшы қан!
Дəмі кеп быт-шыт болды мығым шыдам.
Көз алды қып-қызыл қан,
қызыл тұман!
Кез қалды бұға басып, қылымсыған.
Желікпе күйге түсте алақ-далақ,
Алдында не тұрса да арандамақ.
Шұбырып сілекейі езуінен,
Қояды қайта-қайта жалап-жалап.
Көзіне қоралы қой түскенінде,
Жиғандай алапатты күштерін де,
Байқады басып, қайрап, сынап бағып,
Арсақай, ара түзді тістерін де.
Тұрса да бір қатермен егескелі,
Өзімен өзі іштей кеңеспеді.
Тиетін тұмсығына жұп-жұмсақ боп,
Ып-ыстық, қып-қызыл ет елестеді.
Ойға алды ойран-асыр жасайтынын,
Жұлғылап, апыл-ғұпыл асайтынын.
Өңешін кесек етпен толтырған соң,
Торынан қу құлқынның босайтынын.
Есіне түсіп сол бір қансоқталар,
Кеткенде қанды қөзден моншақ тамар.
Сəтті кез оралғандай болды міне,
Сылқия тойып алып жан саф табар.
Қой көрген екі көзі қанталады.
Апандай аузын ашып анталады.
Ұмтылса қой қораға оқша атылып.
Сəтінде қас пен көздің қан тамады.
Бойына жинады да күшті барлық,
Атылып қой қораға түсті қарғып.
Сол сəтте:
– Ойбай, апа! Қасқыр кірді!
Қаптаңдар! Жүгір! – деген түсті жарлық.
Қарсы боп жерді қанға бояған ба,
Қос бөбек қой қораға тайағанда,
Азулы, арлан жыртқыш қарсы атылды,
(Көзіне көрінгенді аяған ба?!)
Көрместен жаңа туған лақ құрлы,
Үлкенін қапсыра кеп лақтырды.
Осылай омбы көңді қапқан бөбек,
Ел қаптап, ес жиғанда бір-ақ тұрды.
Кішіге ұмтылғанда аласұрып,
Жүгірді арашаға ана шығып.
Қанды көз, апан-ауыз ұшты анаға,
Олжадан құр қалғанға жаны ашынып.
Тұрмай-ақ бұл сұмдыққа күмəнданып,
Көз алды алақұйын тұманданып.
Шырқырап ана байқұс шықты айқасқа,
Ырылдап атылды арлан сумаң қағып.


Қарамай аңда күштің артығына,
Жолығып бір қатердің шарпуына.
Жекпе-жек басталғанда сəті болып,
Оң қолы ілінді кеп ауқымына.
Онда жоқ аяу деген, ұят деген,
Қару бар азу деген, тұяқ деген.
Жан беру жыртқышқа да оңай емес,
Айғыздап орып жатыр тұяқпенен.
Япыр-ау, десеңізші қырсық неткен!
Жылы қан сорғалайды ыршып беттен.
Көкжалдың ара дүзді улы тісі,
Қос қолдың қос саусағын қыршып кеткен.
Тағдырдың түссе дағы бұл тағына,
Ананың жаны пида ұрпағына!
Құрбанға өзін шалып, арашалау,
Жеткізу үшін есен нұр таңына.
Еңіреп екі сəби жылаған да,
Зар-дауыс естіліпті бір адамға.
Жетіпті ол да шошып жан ұшырып,
Əлсіреп аң мен адам құлағанда.
...Қызарып екі көзі қанталаған.
Əлемге өрт салмақ боп анталаған,
Жыртқыштан асып түсер жауыздар бар,
Əрқашан сақ бола гөр, дарқан адам!





Пікір жазу