29.08.2022
  75


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Туыстық

Жел желіксе ару ана – бұлт ығады,
Ақ шудалы толқындар бұлқынады.
Осындайда менің де кеудем ысып,
Шалма түскен шабытым қылқынады.
Бір тасбауыр орманды балталаса,
Мен ауырам безектеп жанталаса.
Бір қызыл гүл тіріліп, көзін ашса,
Тіршілікке боламын таң-тамаша.
Жер қазылса, жегі-құрт суынғандай,
Шашырайды берекем жұғын қалмай.
Тарам-тамыр қиылса, сезінемін,
Төбе шашым талданып жұлынғандай.
Жаңбыр болып құйылса нұр егінге,
Шаттық-алау ойнайды іреңімде.
От шашылса аспанның шақпағынан.
Жылтырайды бір сəуле жүрегімде.
Көктем болып сыланса тың-тыныштық,
Көрінеді көзіме тым-тым ыстық.
Табиғаттың өзінше күлем мен де,
Бар секілді біздерде бір туыстық!





Пікір жазу