29.08.2022
  106


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Келді көктем. Күліп атып Май таңы...

Келді көктем. Күліп атып Май таңы,
Тірлік біткен көктем əнін айтады.
Қар күпісін,
Мұз – көрпесін сүйретіп,
Алжыған қыс жалаң аяқ қайтады.
Ағытылып өлеңдердің тұсауы,
Гүлге толып қаламыздың құшағы.
Көңілдерге шаттық салып ұясын,
Күміс қанат көгершіндер ұшады.
Жер – ананың сал денесі балбырап,
Күн – келіннің беті нарттай албырап.
Сығалайды түлкі аңдыған аңшыдай,
Жылғалардан бас көтеріп балқұрақ.
Төртбақ таулар төрде отырған құдасып,
Бестүлік мал ойнақ салып, қыр асып.
Қор айтады мақтап сылқым көктемде,
Төл үніне қаздың даусы ұласып.





Пікір жазу