29.08.2022
160
Бүркіт тау
Таулардың бұл – болса керек үлкені,
Жартастары жалы сынды күлтелі.
Далдасына жасырынып ойнайды,
Кең аспанның айы менен үркері.
Дулығасы аспан төсін түртеді,
Бұлт қалжыңдап бетіне су бүркеді.
Шың басында қыран бүркіт сілкініп,
Етегінде тауешкілер үркеді.
Жазда тұман, қыста қырау – қонағы,
Үйір жылқы өрістейді жоғары.
Қыратында жусап жатқан түйенің,
Өркешіне ұлар келіп қонады.
Жел кеп ықтап, басып асау толқынын,
Қар құшақтап алған шақта мол тыңым,
Кетпесін деп маужыраған тау қалғып,
Шопан аулы қытықтайды қолтығын.