29.08.2022
  116


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Алты күн «əйел» болғанда

Табылған соң дəмді асың, дару асың,
Кім елеген əйелдің шаруасын.
Сөйтсек, достар, бейнеттің бейнеті екен,
Бастарыңа ондай күн дарымасын!...
От иесі кенеттен жараланып,
Байқап едім үй күтіп, бала бағып.
Көресіні көрдім-ау көргендей ғып;
Сөндім əрең жалынға шала жанып.
Қараңызшы құдай – ау, қашқан бақты,
Бұл тірлігін «қатын» ғып ас қамдатты.
Балаларға қуырдақ тураймын деп,
Турап салдым алдымен басбармақты.
Бұрынғыдай шайға да қанып анық,
Маздап тұрар отқа да жарымадық.
Жалғыз күнде мүгедек болып шықтым,
Қос саусақты қышқашқа қарып алып.


Кетер ме деп қағынып тұлай болып,
Саусақ қамын тіледім жылай қонып,
Бірге қайнап жүрсем де шəйнекпенен,
Шай дегенім шығады лай болып.
Қиындықтан келді де іспен асқым,
Мойындамай, мойымай күшке бастым.
Сондадағы бабын бір таба алмадым,
Дəм-татуы келмеді ішкен астың.
Балалармен табанда жамандасып,
Ілезімге бəсеңсіп, қалам жасып.
Ас қамына қарасам – бала жылап,
Ал, балаға қарасам, қазан тасып.
Болсаң-дағы қаншама алғыр, білгір,
Əйел болып, отыңды жандыр шын бір,
Дегендей-ақ бəрі де қасарысып,
Аяқ бассам болады салдыр-күлдір
Қас қылғандай икемсіз иесіне,
Бор боп босай қалады жүйесі де,
Маған қарай саудырап, құлап түсіп,
Мені таба қояды күйесі де.
Сөлекеттеу осы бір бетімменен,
Ұқсатуға бəрін де бекінген ем,
Жоқ-ақ шығар бір ыдыс біздің үйде,
Сызат түсіп, ернеуі кетілмеген.
Үйді аптап күтем деп баламды епті
Алты күнде алты айлық бағам кетті.
Сендім əбден көндіре алмасыма,
Күйкі тірлік дейтұғын табанбетті.
Сыйлап келген дəмді асын, дару асын
Аруларға еш сырқат дарымасын.
Бағалайық жеңімпаз əйелдерді,
Əйелдердің машақат шаруасын.





Пікір жазу