Автопортрет
Авторлық шын – портреттен үзінді,
Берейін деп емешегім үзілді.
Берсем деймін өңбетімді өрнектеп,
Таниды жұрт онсыз дағы жүзімді.
Бір байқасаң – қайыспайтын батырмын,
Бір қарасаң – морт сынатын пақырмын,
Көп алдына бет-бейнені, қалқан ғып,
Нағыз өзім жасырынып жатырмын.
Мына бетім – көпті көрген көн-бетім,
Іште жатыр нағыз ақын, өң бетім.
Бармақ бүкпей адалыңнан жарылсаң –
Морт сынамын,
Тез көшемін, жөнге тым.
Момындықпен қоңыр болса қой қалай,
Мен де сол ем,
Еш жамандық ойламай,
Өскен едім.
Күдіктеніп біреулер,
Танымай жүр тереңіме бойламай.
Өмір – түлкі бармақты да тістетті,
Келе-келе қулықты да істетті.
Сондықтан да, байқасаңыз анықтап,
Бет – əлпетім барометр іспетті.
Кірпігіме қонса күздің шықтары –
Шындық мені мықтап тұрып жыққаны.
Бір қызарып, бір сұрланса бет-перде,
Ашуымның атой салып шыққаны.
Жымың етсем жылы қабыл алғаным,
Үнсіз қалсам – сізге салмақ салғаным,
Ертең десем бүгінгі істі шегеріп,
Көңіл жықпай,
Екі ойлы боп қалғаным.
Талпынамын жақсылықты ұқсам деп,
Ұмтылмаймын жасықтарды ұтсам деп.
Кім болсаң да иықтасқым келеді.
Ойламаймын именшектеп, бұқсаң деп.
Тастай сараң.
Емеспін тым береген,
Мені ұтады – есіне алып елеген.
Бетім шұбар болғанымен ішім ақ,
Жұмбақ деші бұл адамың не деген?!
Əй, өлең сені қалай қояр екем,
Қайткенде қызығыңа тояр екем,
Басымда жыбырлап жүр сан мың ұйқас,
Қайсысын қай жеріне қояр екем?!
Бірінің буыны артық біреуі кем,
Бірінің бірі тұрар тіреуімен.
Сирағын буынсыздан буындасам,
Сыншының көз ашпаспын іреуінен.
Оңбайды омыртқадан бөлшектесем,
Сондықтан жалғауынан өлшеп кесем,
Кей ұйқас тіл ұшында дөңбекшиді,
Болмайды оған жарық көрсетпесем.
Тастамай шылау дейтін сынасын да,
Қалаймын анасын да, мынасын да.
Бəрінің орнын тауып жымдастырып,
Қалжырап жолығамын шын асылға.
Кей кезде апыр-топыр түйдектеліп,
Ұйқастар сап құраса билеп келіп.
Кей шақта қара тер боп қосақтаймын,
Сөздерді қоймадағы сүйреп келіп.
Сөздің де біреуі үлкен, бірі кіші,
Оны да салмақтайды тірі кісі.
Ірісін бас табаққа бөлмесеңіз,
Кетеді өлеңнің де іріп іші.
Өзімен өзі ғана айланысып,
Жүретін «маскүнемдей» айлап ішіп.
Сөздің де талай шатақ, тентегі бар,
Қалады байқамасам байланысып.
Əй, өлең сені қалай бояр екем,
Қайткенде қызығына тояр екем.
Өмірден тату – тəтті өту үшін,
Қай сөзді қай жеріңе қояр екем?!