Өмірге келгенде...
Онда мен жаңа жанған шырақпын ғой,
Шыр етіп жер төсіне құлаппын ғой.
Жатырқап мынау жайсаң дүниені,
Еңіреп ағыл-тегіл жылаппын ғой.
Білсемші, бұл тірліктің мəн, аңғарын,
Əлпештер əкем менен анам барын.
Білсемші жайсаң жанды адамдарын,
Бақ тілеп менің үшін алаңдарын.
Ұқсамшы аялайтын елім барын,
Өсірген алақанда сенім барын.
Ұқсамшы адам деген атқа ие боп,
Арнайтын сол еліме терім барын.
Білмеппін өмірдің жол, жосындарын,
Адал жар, ақ жүректі досым барын.
Білмеппін аппақ шаңқан қосым барын,
Сыйларын замананың қосып дарын.
Ұқпаппын сəуле шашып жанарымды,
Жігіт боп бір кəдеге жарарымды.
Ұқпаппын бақыт, шаттық табарымды,
Бөбекке əке болып қаларымды.
Ал, бүгін, отымды маздап жанған сайын,
Ататын ұзағынан таңды аңсайым.
Кешегі жат көрінген өмір тірлік,
Ыстық боп бара жатыр барған сайын.
Боларын кім біледі жайттың нендей,
Тұрады өлім сөзін айтқым келмей.
Кеп-кеше ағыл-тегіл жылап келсем,
Жүр бүгін бұл өмірден қайтқым келмей.