29.08.2022
  88


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қызыл тымақ

Білдірмекші болды ма, қызылға ауған көңілін,
Ауылымның шалдары қызыл тымақ киетін.
Ат жаратып, құс баптап, əнмен таңын атырып,
Толқындаған күйменен домбыраны сүйетін.
Қолдағысын бөлісіп, қызық думан құратын,
Көріспесе бір апта, сағынысып тұратын.
Бір-бірінен тартпастан атан түйе, құр атын,
Бірлікте деп ұғатын – тірліктегі мұратын.
Бірін-бірі аялап,
Бірін-бірі жебейтін.
Қиын қыстау күнде де сен қалайсың демейтін,
Балаларын ауысып, қойнына сап асырап,
Бірін-бірі көтеріп, қыран құсқа теңейтін.
Өту үшін шығармай, жаман атын, жалқы атын,
Бар дəулетін туыстың мүддесіне сарқатын.
Қарамастан ешқашан руына, ұлтына,
Туыс болам дегенді бауырына тартатын.
Сол есілдер жоқ бүгін, қыран құстай таранған,
Қызыл тымақ сонда да шығар емес санамнан.
Енді қалған төрт-бес шал қызыл тымақ кимейді,
Əйгілеуге қайғысын киеді олар бараннан.
Ұлымның да ойынан сол бір тымақ тозбайды,
Тымақ көрсе дəл сондай – сағынышы боздайды.
– Атамыздың тымағын біреу киіп апты – деп,
Жүректегі жарамды жандандырып қозғайды.
Бұл күндері көзіме қызыл тымақ шалынса,
өртенеді өзегім өртенеді жалынша.
Болды деймін ақыры – символы боп солардың,
Көкжиегім мəңгілік қызыл нұрға малынса.





Пікір жазу