29.08.2022
  114


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Биік еді Көкшенің аты қандай!

Биік еді Көкшенің аты қандай!
Жыр арнасам деп едім қапы қалмай.
Болмады оным,
Жақсы жыр жаза алмадым,
Аты менен затына татығандай.
«Жеке батыр» жеткендей жеңіс күнге,
Дамылдапты бел шешіп бел үстінде.
Таранды «үш ару» қатарласып,
Жоқ-ау, шіркін, көркінде кеміс мүлде.
Алмадым ба мəселеп, барды баптай,
Менменсиді Оқжетпес жанды ұнатпай.
Жұмбақтас тұр белшеден көлді кешіп,
Шөліркеп кеп су ішкен арғымақтай.
Ақ қайыңдар жағаға төніп келіп,
Жүзін көріп жүз есе көріктеніп.
Қаранады айдынға,
Таранады.
Сексен көлге көркінен бөліп беріп.
Жусап жатқан құлындай желідегі,
Ақ көйлекті аққулар керіледі.
Бурабайдың жүрегі бүлк-бүлк соғып,
Сəл дірілдеп самалмен демігеді.
Уыз дəні толқындап егістің де,
Қымыз дəмі шығады жемістің де.
Көк мұнарлы Көкшедей болар бəлкім,
Бар болса егер жерұйық жер үстінде.
Көлінде де мінез жоқ көлмін деген,
Асқақтық бар бəрінде өрге үндеген.
Мақтаныш бар менің де жүрегімде,
Толқып тұрған Көкшені көрдім деген.





Пікір жазу