Достарымды аңсау
Алматым, асылым-ай, мұратым-ай!
Аңсарым саған ауып тұратыны-ай.
Жүрегім өзің жаққа алас ұрып,
Бүйрегім саған қарай бұратыны-ай!
Алматым, алтыным-ай қымбатым-ай,
Жүректі жаулап алар сымбатың-ай.
Өзіңді көрген адам жүре алар ма,
Алыста сағынышқа, шырматылмай.
Асқынған саған деген сағыныштан.
Мен едім бесті жырдың жалын құшқан.
Хатымнан жүрегімді түсінерсің,
Өзіңе аласатып, алып ұшқан.
Қонғандай сезілетін қолға абырой,
Бұл да бір ақындықтың толғағы ғой.
Алматым, өзіңде өткен бес жыл деген,
Болмаса бес күндей де болмады ғой.
Бір мезгіл жантайсам да көз ілгелі,
Елестеп есіл достар өзіңдегі.
Қол бұлғап жалын дəурен, жан құрбылар,
Қашады қайран ұйқы көзімдегі.
Жүдеген түсі қашып солып қана,
Солдаттай сарпалдаң бір жорықтағы.
Түйініп сол достарды іздеп келем,
Болмаса қиялымда жолыққалы.
Сан жылдар сабырымды езіп келген,
Ұғар ма сағынышты сезіктенген.
Алаңдап Алматыда болдым десе,
Сұраймын жол– жөнекей кезіккеннен.
Сол достар операға бармас па екен,
Сəтімен сонан тауып алмас па екем.
«Қайраттың» ойынына бара жатып,
Жол бойы жолығысып қалмас па екен.
Сабылып іздемей-ақ қия, тыңнан,
Концерттен əн төгіліп, күй атылған.
Кездесіп қалмас па екен қапелімде,
Мұхаңның атындағы театрдан.
Таңғалып көз сап, құлақ түруіме,
Мүмкін-ау, ағайынның күлуі де.
Сағынып іздеп жүрсем сол достардың,
Мүмкін ғой «Көкбазарда» жүруі де.
Өздері нақ осында қонар ма екен,
Айналып КазПИ-ге бір соғар ма екен.
Əлде олар бір-бір серік ертіп алып,
Ауылға тартып тұрған болар ма екен.
Онда ғой жолығармын көп сарылып,
Іздермін талай жерден көп сабылып,
Отызын табу үшін отыз жақтан,
Жетелеу керек шығар тоқсан үміт.
Шағын да бақ, салымын мүлдем сынар,
Тауып ап үлбіреген гүлден сыңар.
Сəкеннің сымбатындай Көкшетауда,
Кім білсін салдық құрып жүрген шығар.
Жасынан іздемейтін жалған кəсіп,
Жан еді жан достарым арманға асық.
Мүмкін ол жүрген шығар терін төгіп,
Теміртау, Маңғыстауда маң-маң басып.
Еңбектін қонып алтын тұғырына,
Мүмкін ғой, тың өлкеде тұруы да.
Жыл сайын миллиардқа үлес қосып,
Шаттықтың қанған болар тұнығына.
Мүмкін-ау, жанына жыр қонуы да,
Еңбекпен кеудеге орден толуы да.
Мүмкін ғой, барлығы да ұстаз еді,
Аякөз, Ақсуатта болуы да.
Құт болып Алматыдай сəнді мекен,
Кім білсін ғалым атақ алды ма екен.
Болмаса Алматыға жақын ғой деп,
Талғар мен Қаскелеңде қалды ма екен.
Болсамда таңға асығып, кешке алаңдар,
Айналам ақ пейілді есті адамдар.
Үйдегі тұрмысым да төмен емес,
Ақ жарқын жарым менен бес балам бар.
Сонда да достар деген ыстық екен,
Секілді жүрегіңе қысқы мекен.
Соларды аңсатады, сабылтады,
Сағыныш иеленіп, ішті бекем.
Жат болсақ осыншама сағынар ма ек,
Жатпаспа – ек жанымыздың бабы бар деп.
Бір үміт жүрегімнен жылт етеді,
Ең қымбат алтының да табылар деп.
Он бес жаз сонан бері өткен екен,
Он бес күз жапырағын төккен екен.
Ойласам гүлін беріп, жырын беріп,
Оралған онбес түрлі көктем екен.
Қамқоры бола отырып бес баланың,
Сөйлесем артық-ауыз кеш, қарағым.
Сен де кеш, сыр – Алматым баяғы бір,
Күндерді бүгінгідей еске аламын.
ЖенПИ-де болмаса да шаруам бар,
Болатын жүрегіме дару əн бар.
Кешкілік өзі шығып жолығатын,
Жігітке Қадиша мен Фарундар.
Беу шіркін, кеш еді ғой тамылжыған,
Жастыққа еріп мен де сабыр жығам.
Еркесі қалап барған шықпай қойып,
Жігіттер тұрушы еді-ау абыржыған.
Бейуақ үміттінің матап атын,
Іздейтін жан таласып махаббатын.
Кезінде, қыз жағынан ҚазПИ – ің де,
Екінші ЖенПИ болып аталатын.
Бұл да бір əңгіме ғой өз алдына,
Жастық шақ алып ұшпай төзе алды ма.
Солардан қызғанатын қайран құрбым,
Келеді баяғыдай көз алдыма.
Басыма қалың ойдың түнегі кеп,
Жүрсем мен кейбіреулер күледі кеп.
Сұрайды менен кейбір ала құстар,
– Ұстазың тəлім алған кім еді? – деп.
Тұрады сонда менің жыным келіп,
Қалғандай өңім түсіп, сыным кеміп.
Аңсаумен Алматыны еске аламын,
Ұшырған білім сыйлап, жырын беріп.
Сөйлеймін екіленіп есе бермей,
«Өскен ғой Алматыда» десе– дердей.
Болғызып, əңгімемен кетем ағып,
Боз тарлан жорғасына төселердей.
Кітаптың беттеріне төніп қарап,
Жанымда өлең жазар өніп талап.
Үлес алған Мəкең менен Қажекеңнен,
ҚазПИ-дің түлегімін көбік қанат.
Тұратын ағын жырмен жұптасып əн,
Қайда да бұл орданы ұмытпас ұлан.
ҚазПИ–дің қасиетті есігінің,
Ұстаған сəнді Сəкен тұтқасынан.
Осында қонып шабыт, талап-талғам,
Талайдың өнерлері сабақталған.
Əбділдə, Тайыр, Ғали, Сайын, Ғафу,
Бəрі де осы ордада қанаттанған.
Жанымда жақсы ниет талғам болса,
Шынымен ақыл маған қонған болса.
Мəкеңнің мінезінен жұққан шығар,
Əзілім еркіндігім болған болса.
Жүрегім əсте де ұмыта алды ма,
Үлгі алып талант сонан тұтанды ма.
КазГУ-де дəріс беріп жүргенімде,
Көзбенен көрген едік Мұқаңды да.
Ақыл ап ақын Сəбең ағамыздан,
Саф тауып көңіліміз алағызған.
Тəкеңше өлең оқып, шалқушы едік.
Бұл күнде бəрі кеткен арамыздан.
Қабағы сияқтанып қара түнек,
Жиынға Мұқағали баратын ед.
Жыр десе жазғы күндей алабұртып,
Нөсерін төгіп-төгіп алатын ед,
Жиынға біз де жиі баратын ек,
Ортаға Төлегенді алатын ек.
Ақұштап «жігіттерге назын» оқып,
ЖенПИ – де бір желпініп қалатын ек.
Жақсы жыр жастық шақтың қанаты деп,
Алаулап жыр отымен жанатын ек.
Тұманбай, Сағиларды шақырып кеп,
Кəні боп тəтті жырға қанатын ек.
Солармен ортам болса толған шығар,
Солардың бір əсері болған шығар.
Бойымда жарты мысқал жырым болса,
Солардың шапағаты қонған шығар.
– Деймін мен – одағы бір заман еді-ау,
Бəрі де ағалардың аман еді-ау.
Қайсысы қандай өлең жазады деп,
Көңілім ертелі-кеш алаң еді-ау.
Шығардай көруші едім алдан бəрі,
Қазақтың өлеңінің тарландары.
Бұл күнде алыс жатып тілер болдым,
Есен-сау жүрсе екен деп қалғандары.
Жасынан арқалаған қайғы азапты,
Бұл əлем білген еді қай қазақты.
Жыл сайын миллиардтан пұт астық алған,
Бұл күнде таныр болды бай қазақты.
Тартқызған «қу дала» ғып жерге азапты,
Бұл əлем білген бе еді кері қазақты.
Фашиске соққы беріп, ту тігіскен,
Бұл күнде таныр болды ер қазақты.
Басынан кешкен талай зар, мазақты,
Бұл əлем білген бе еді мал қазақты.
Жері бар Байқоңырдай берекелі,
Бұл күнде таныр болды сал қазақты.
Байқасаң бұл халықты бір ғажабы ,
Тірілтіп шежірені жыр жазады.
Бұл күнде бірі – дана, бірі ғалым,
Кешегі жылы тымақ қыр қазағы.
Көмірдің сан миллион тоннасы да,
Шығады осы елден жолға асыға.
Айналған бұл күндері қазақ жері,
Ұлттардың достығының ордасына.
Бұл жұрттың ісі мықты, сөзі берік,
Жетеді қайрат– жігер, төзім-ерік.
Бастаған боз даланы түлетуде,
Леонид Ильичіңнің өзі келіп.
Түлетіп қу даланы, паң даланы,
Орнатқан салтанатпен сан қаланы.
Туында Отанының төрт орден бар,
Қазаққа бүкіл əлем таңданады.
Аш жүріп малдан басқа малданбаған,
Ас ішіп жүрегі бір жалғанбаған.
Қазақтың жерұйығы осы шығар,
Сан ғасыр таба алмаған, армандаған.
Мəкем мен Қажекемнің мұрагері,
Қазіргі ҚазПИ-імнің құлагері.
Серік пен Хасен аға есен бе деп,
Жүрегім жолыққаннан сұрар еді.
Кезінде аға ақылын бағалар кім,
Бұл күнде ұғынғанға бара бармын.
Аңсайды екенсің-ау күлкісін де,
Тахауи, Қалтай сынды ағалардың.
Достары жолықпаса, жақындары,
Сергір ме, желпінер ме ақыны жаны.
Паркті бір қыдырып шығар ма еді,
Əйгілі, Максим Горький атындағы.
Маужырап жамылғанда көктем көк нұр,
Ер елдің ерке ұлындай өктемдеп бір.
Ең соңғы автобустан қалып қойып,
Шалдығып, қара сан боп қайтар ма еді.
Жаңарып ескі мұра, көне өрнегі,
Биікке қолы жеткен өнердегі.
Жасарып, ғажайыпта жасап жатқан,
Қазақты қайта барып көрер ме еді?!