29.08.2022
  105


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ол да мұратына жетер еді

Тауымның қойны толған шынар болса,
Орманға ойлы жүрек құмар болса.
Шыдар ма төбе құйқаң шымырламай,
Бір талын сумақы қол жұлар болса.
Тауымның қойны толған ұлар болса,
Ұлар да бұл өмірге құмар болса.
Ағайын ауырмай ма ет жүрегің,
Айырылып сыңарынан жылар болса.
Суымның түбі толған балық болса,
Балыққа көзің əбден қанық болса.
Ағайын ауырмасаң жаның қалай,
Мұның да таусылар анық болса.
Қойнауда суыр қойдай өрер болса,
Ойлы бас, оны құт деп көрер болса.
Қалайша кейімессің кім көрінген,
Атқылап ажал отын төгер болса.
Гүл тірлік күнге жайып алақанын,
Күткенде тəтті үмітпен дала таңын.
Елжіреп аялаймын шыдармысың,
Аққудың аппақ қардай балапанын.
Анадай аяласақ нетер еді,
Аң өсіп, орман тусып кетер еді.
Адамнан адамдықты көргеннен соң,
Олар да мұратына жетер еді.





Пікір жазу