Ауылым
Адалдық болып сарқылар,
Ақ көңіл, абзал қарты бар.
Жақсылық істеу арманы,
Жайы жоқ одан тартынар.
Қиялы самғап жоғары,
Тұңғиық ойға шомады.
Тереңді ғана көздейді,
Биікті ғана шолады.
Еңбекке құштар жүрегі,
Ерлікке құлақ түреді.
Аңқылдап тұрып ұлын да,
Танымай қалып жүреді.
Жүрегім солай асығар.
Жастығым соған бас ұрар.
Саясын көрмей ауылдың,
Сағыныш қалай басылар.
Болсын деп бақыт нышаны,
Торғайың болып ұшады...
Аңсамай, аппақ əжелер,
Аңырап келіп құшады.
-Оңынан таңым атты деп,
Арнаумен саған ақ тілек.
Əбігер болып жүреді,
«Құлыным келіп қапты» деп.
Жүрегім солай асығар,
Жастығым соған бас ұрар.
Саясын көрмей ауылдың,
Сағыныш қалай басылар.
Еншісін сенен бөлмеген,
Іні де аңсап шөлдеген.
Бетіңе қарап алдыңнан,
Өтпеген кесе-көлденең.
Көрінсең ғана болғаны,
Шаттыққа жаны толғаны.
Итінен қорып ат байлап,
Əбігер– сарсаң ол дағы.
Ауылдың болған баяны,
Тұлымды еркең баяғы.
Есігін ашып кіргізіп,
Төріне сырмақ жаяды.
Жүрегім солай асығар,
Жастығым соған бас ұрар.
Саясын көрмей ауылдың,
Сағыныш қалай басылар.
Жаныңды əнмен, асырар,
Жарқылдап күліп басылар.
Мойныңа келіп асылар,
Момақан ғана жасы бар.
Бал қымыз алға қояры,
Бағлан қозы сояры.
Көргенді өскен келіндер,
Жантайсаң жастық қояды.
Жүрегім солай асығар,
Жастығым соған бас ұрар.
Саясын көрмей ауылдың,
Сағыныш қалай басылар.