Туған жер дидары
Шаттығыма тең келер,
Шабытыма дем берер.
Туған жермен пара-пар,
Бақыт болса менде егер.
Аспанменен теңескен,
Жұлдыздармен кеңескен.
Бесбоғдам бар ақ сүңгі,
Тянь–шаньменен егескен.
Санар болсам шыңдарды,
Алтайым бар сындарлы.
Бауырында байтақ ел,
Көрмей өскен мұң-зарды.
Ну орманы тайпалған,
Сырғалым бар жайқалған.
Сұғанағын көздердің,
Сұлулықпен қайтарған.
Мекен етіп қиясын,
Қыран салған ұясын.
Бүркітімнің сұсынан,
Бойға қуат жиясың.
Сыңғырлаған бұлағы,
Балдай татып тұрады.
Балық толы көлдері,
Байлық болып тұнады.
Тұңғиыққа байлаған,
Құс базарын тойлаған.
Дайын, Тұлба көлім бар.
Ақ қайраны ойнаған.
Қайнарына қарасам,
Дертке шипа арасан.
Шегіртай мен Ақсуды,
Болар құтқа баласам.
Қобда өзенім ашулы,
Білмес, сірə, жасуды.
Міндеттеніп алғандай,
Мыңдап ағаш тасуды.
Аққол, соғақ саласы,
Жасыл майса жағасы.
Бұлғын, сагсай өзенім,
Тіршіліктің анасы.
Шаттығыма тең келер,
Шабытыма дем берер,
Туған жермен пара-пар,
Бақытым болса менде егер.
Нар тауларым мұнарлы,
Шөбі шүйгін құнарлы.
Ұшырасын төсінен,
Үйірімен ұларды.
Қоңыр аю барбаңдап,
Қара суыр тарбаңдап.
Ор түлкісі жортады,
Бөктеріне барғанда-ақ .
Бөрі берік бекініп,
Сұр қояны секіріп.
Еркінсиді бұғысы,
Еркін өсіп жетіліп.
Арқар өріп адырдан,
Таудан– тауға ағылған.
Сілеусін мен мəліні,
Ақ жусанын жамылған.
Тоқтыбадақ, дуадақ,
Жер сонысын қуалап.
Мекен болған құсқа да
Тусып тұрған ту алап.
Кекілігі кердеңдеп,
Байғұз, көкек желпеңдеп.
Сайраңдайды аққу, қаз,
Алты айшылық жерден кеп.
Шаттығыма тең келер,
Шабытыма дем берер.
Туған жермен пара– пар,
Бақыт боса менде егер.
Ағаш өсіп не түрлі,
Орман болып жетілді.
Жер төсінен шеңбектеп,
Ұстап тұрған секілді.
Қорғанымдай сақ тұрған,
Қарағайлар сап құрған.
Мəңгі жасыл шыршалар,
Жастық сынды шат–думан.
Менің құтты даламнан,
Куат алып таралған.
Самырсын бар сыланған,
Ақ қайың бар таранған.
Желкілдеген талы бар,
Нар терегі тағы бар.
Туған жердің қойнынан,
Қалағаның табылар.
Қалмасын деп түсінбей,
Тағы айтайын мүсіндей.
Бəйшешегі жерімнің,
Түсті кілем түсіндей,
Жеріме жер жетпейді,
Құнарлы онан өтпейді.
Кесте дерсің таңдайлы,
Бетегелі беткейді.
Жапырағы күректей,
Жалбызы бар білектей.
Шалқып тұрған, шалғыны,
Сусып тұрған жібектей.
Тіл үйірер балаудай,
Тарлауы бар сабаудай.
Қарақұйрық, селеулі,
Тоқындайды алаудай.
Сарымсағы сазандай,
Қаңбағы бар қазандай.
Туған жердің көркіне,
Көп қараймын көз алмай.
Шаттығыма тең келер,
Шабытыма дем берер,
Туған жермен пара-пар,
Бақыт боса менде егер.
Малға жайлы қонысым,
Сайран салып сол үшін.
Бес түлігім өседі,
Жерімнің жеп сонысын.
Күзеп өзен бойларын,
Қыстап таудың қойнауын.
Көтере алмай құйрығын.
Теңселеді қойларым.
Жалқауланып жалықпай,
Көз салсаңыз анықтай.
Жылқыларым жондағы,
Жылтылдайды балықтай.
Туған жердің құнары,
Байлық болып тұнады.
Қорадағы сиырым,
Ыңыранып шығады.
Ұғып бақыт не екенін,
Мұратыма жетемін.
Қасиетті осындай,
Туып, өскен мекенім.