Оу, дүние-ай, Əлемді де алдың-ау...
Оу, дүние-ай, Əлемді де алдың-ау,
Иен үйдей күңіреніп қалдым-ау.
Қоя тұрсаң бақытты боп кетер ме ем,
Аямастан салмағыңды салдың-ау.
Оу, дүние-ай, көңіл қалай түңілер,
Ойламасам көзім қалай ілінер.
Асқарымның, асылымның жоқтығы,
Маған батып, маған ғана білінер.
Қайдан білсін өз əкесі тірілер,
Масайраған бақытының бірі дер.
Адырдағы ақ сандыққа жалтақтап,
Өтінем ғой, заман қайда бірігер?!
Онсыз менің берік белім бүгілер,
Онсыз менің тас қайратым үгілер.
Бастарыңа біздің күнді бермесін,
Əкелерің аман болсын, інілер!
Айырылып сенен, кетіріп суға салымды,
Сұм екен тағдыр, соқтым да қалдым санымды.
Көре алмай кеттің көп еді көрер қызығың,
Көре алмай кеттің шалқып бір жүрер шағымды.
Салпы аяқ ұл боп, сындырмап едім сағыңды,
Айырылып қалып жүрегім дертке шалынды.
Аңырап қалдық бір ауыз сөзің алтын боп,
Біз түгіл, Əлде, Айнұрың қатты сағынды.