29.08.2022
  109


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ақындарға

Ау, ақындар, алып бүгін сені еске,
Түсейінші, адалдықпен егеске.
Сөйлейінші ақтарылып мен де бір,
Жанар тау да жарылады емес пе.
Ау, ақындар, жерім болмас алдаған,
Айтайыншы мен ойымды барлаған.
Көктемеде ағыл-тегіл бұлақ та,
Тасиды ғой, асады ғой арнадан.
Оу, ақындар, інілі де ағалы,
Айтайыншы өзімше бір бағаны.
Өз кемдігін, өзімше бір бағаны.
Көл де толқып құшады ғой жағаны.
Оу, ақындар, ашық күндей сағымдап,
Кетейінші тасқын судай ағындап.
Қыс бойына мұз жатқанын ойламай,
Өзендер, де кетеді ғой арындап.
Оу, ақындар, қызды гүлге теңеген,
Жомарт туған жан едіңдер не деген.
Түсініңдер, жүрек отын лаулатып,
Өрт жіберген мен едім ғой лаулатып.
Оу, ақындар, жерді гүлмен терлеген,
Көңіл, аппақ гүлдей болып гүлдеген.
Мен едім ғой гүлге ораған өзіңді,
Мен едім ғой өзін қайта күндеген.
Оу, ақындар, ғашық болған ақ қарға.
Құмарсың ғой ала шабар аттарға.
Елпек аттай ақындығың шын болса,
Не теңесер шабыт келген шақтарға.
Оу, ақындар, жоқты барға балаған.
Қаламына қыран құсты қалаған.
Қарамашы бір-біріңе айбарлап,
Иттей болып бірін-бірі талаған.
Оу, ақындар, сен де жырды өрдің ғой,
Сарапқа сап мен де қайта көрдім ғой.
Көп талдауы темір талқы емес пе,
Шыға сала ойды онға бөлдің ғой.
Оу, ақындар, шындап сыннан өттіңдер,
Шын ақындар ақын болып кеттіңдер.
Ақын емес əрі-сəрі біреулер,
Əлі дағы ақынмын деп екпіндер.
Оу, ақындар, өзіңді өзің бағала,
Күшке сенсең сонда жырды жағала.
Күлкі болып қалмайықшы бəріміз.
Ертеңгі күн келетұғын балаға.
Оу, ақындар, ақындықты бұлдамай,
Тауды тау деп, көлді көл деп жырламай.
Жырлайықшы келбетімен, кейпімен,
Көрік беріп көңілдерге тұр қалай.
Оу, ақындар, қайтпасыншы месел де,
Жырлайықшы, малмандай боп нөсерге,
Шабытпенен сырлайықшы бəрін де,
Біледі ғой, тасты тас деп есер де.
Оу, ақындар, сұлу сөздің қыраны,
Қарасаңшы айналаңа қырағы.
Сен аспанға көз жіберсең ерлікпен,
Замандасың дəл жаныңда тұрады.
Оу, ақындар, барласаңшы анықтап,
Жүр ғой талай замандасың шарықтап.
Рас болса ақын болып туғаның,
Осындайда сексеуілдей жанып бақ.





Пікір жазу