29.08.2022
127
Жалаңаяқ жұлдыз кештім, жұбым – Ай...
Жалаңаяқ жұлдыз кештім, жұбым – Ай,
Маңдайымнан ғарыш желі өбеді.
Ту сыртымда тұрған көздің сұғын-ай,
Қабырғамды қақыратып сөгеді...
Бұлт көрпе боп жабам дей ме тәнімді,
Жасыра алмас теңбіл-теңбіл дақтарды.
Қара толқын қабағымнан ағылды,
Сосын тылсым тұңғиыққа аттанды.
Қарақшылар қадамыма үңіліп,
Дағдарады білмей қару сілтерін.
Темірқазық балтырыма ілініп,
Үркіп кетті әлдеқайда Үркерім.
Жарты ай жатыр ойға шомып бір ауыр,
Кеудесінде жарым көңіл жаным бар.
Тазарайын, тірліктегі күнә ауыр,
Шолпан туар, ар жағында, таңым бар.
Көңіліммен көкке кеттім түбі жоқ,
Мені іздеумен қара жорғам кісінер.
Аққан жұлдыз, табанымды тіліп өт,
Жұлым-жұлым жүрегімді құшып өл...