Айды етекпен жаба алмайсың...
Айды етекпен жаба алмайсың,
сұмдық бұл,
Ай жүзінде айдай болып шындық тұр.
Жалтақтасаң жазығы көп жалғанға,
Амалың жоқ, арыңды әкеп түңлік қыл.
Кенде емес қой түн дегенің түңлікке,
Ал, ай үшін Темірқазық – бір нүкте.
Қағып түсер қарақшысы тағы бар,
Аспандағы жұлдыз біткен дүрлікпе.
Көктің сырын сол қалпында көл тыңдар,
Айды аялар арман емес сор-құмдар.
Тұңғиықтың тылсымына тұншығып,
Бұлтқа бетін басып тұрып солқылдар.
Торлағандай нұр-кеудесін мұң-құса,
Түршігемін бұлтқа қарай сырғыса.
Шымырлайды шер шылаған жүрегім
Ай көзінен жұлдыз-тамшы сырғыса...
...Сен –күнаһар, салып кеткен айға дақ,
Жүрмедің бе, жүгінбей-ақ жай қарап.
Терезеңнен телміргенде мойын бұр,
Сосын оқшау отыра бер ой қамап.
Айды етекпен жаба алмайсың, жаппағын,
Жасырмайды ол жараланған ақ тәнін.
Қара түнге қапылыста жұтылсаңАқ нұрына бөлеп алар аппағың...