29.08.2022
  82


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қоңыраулы көктің күмбірлегені...

Қоңыраулы көктің күмбірлегені


Бәрін де көріп тұрмын дегені.
Батқан күнменен шендесіп демі
Есілді кешіп бір мұң келеді.


Шәйі орамалын жел іліп кетті,
Томсарған толқын желігіп кетті.
Мұң көзіндегі іркілген тамшы
Абайсыз суға төгіліп кетті.
Жағада тұрмын... жабығып тұрмын,
Келе ме мені сағынып бұл мұң.
Орамалы ойнап желдің қолында
Толқып келеді... қамығып құрбым.
Толқындар тулап, кеудеден қақты,
Жағалау жолға көлденең жатты.
Іздеумен жүр ме ғаламды кезіп,
Көзімен өзі көрмеген бақты.
Шарқ ұрып кетті шағала-жаным,
Жағаны жүрді аралап әнім.
Күтіп тұрғанда алабұртумен
Қайтейін маған қарамағанын.
Тұсымнан өтті – күліп барады,
Күлгені – мені ұмытпағаны.
Қарсы алып алдан құшағын ашқан
Түннің қойнына сіңіп барады.
Мұң дағы менен безінді дермін,
Құрсаған бойды төзімді үгермін.
...Қараңғылыққа көзім тіккенде
Мұң-сұлба болған өзімді көрдім.
...Қоңыраулы көктің күмбірлегені
Бәрін де біліп тұрмын дегені.
Қараңғы түнді қақ жарып...күліп,
Есілді кешіп, бір мұң келеді...
Қараша, 2003 ж.,Астана.





Пікір жазу