29.08.2022
144
Жүріп келемін...
Жүріп келемін...
Көлеңкем күліп келеді,
Күлкіге арбалып,
Ұры ойлар үміттенеді,
Көңілім көзін көк жаққа аударды бір сәт,
Тәкаппар Ғарыш тым маңғаз... біліп пе мені.
Жүріп келемін...
Ізіме шаң үңіледі,
Көлеңкемменен жарысып бәрі күледі.
Жалғанда жалғыз адасып бара жатқасын
Айғайлап едім...
Жаңғырық таныды мені.
Жүріп келемін...
Жаңғырық демеп келеді,
Жымимадың деп, жыларман жел өкпеледі.
Кергіген таулар кеудесін жолыма тосты –
Ертегідегі Таусоғардың бір керек көмегі.
Жүріп келемін...
Тоқтаусыз жүре беремін,
Жабырқап өмір,
Алдымнан түнерер өлім.
Күлкі меңдеген көлеңкем мазақ қылады –
Дәрмен жоқ шіркін...еркіне жіберер едім,
...Жүре беремін...