29.08.2022
  134


Автор: Жанат Әскербекқызы

Күн безектеп, ай жылыстап...

Күн безектеп, ай жылыстап,
Ойнағандай жай қуыспақ.
Жұртта қалып құлазимын
Жүрегіме қайғы қыстап.
Кездер қайда көк бел гүлдер,
Өкпек жел кеп өкпемді үрлер.
Тым ұзақтан қол бұлғайды
Күлкімді ұрлап кеткен күндер.
Арманды артып айлар өтті,
Ғайыптығын айғақ етті,
Тұла бойын мұң меңдеген,
Сол бір айым қайда кетті…
Қайда кетті қылықты күн,
Қағатын – ды үміт күлім.
Жаурап қалған жүрегімді
Сағынышпен жылытты мұң.
Күндер, күндер, күндерім-ай,
Түске кірді бір керім Ай.
Үмітімді үздіктірдің


Қадірлі едің кімге бұлай!
Елес болып ең керегі,
Есіл қиял сенделеді.
Сары сағымға көз суарып,
Сағынышым шерленеді.





Пікір жазу