29.08.2022
  82


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көктемім-ғайып, өтті жаз...

Көктемім-ғайып, өтті жаз,
Зарлана беріп не етейін.
Төбемнен ұшқан топты қаз,
Арманымды айтып кетейін.
Көңілді досқа тоң қылдық,
Жан дерті, сірә, арылмас.
Тобымнан қалған мен мұңлық,
Төлегенге едім қарындас.
Дұшпаным көздеп, дос атты –
Жүрекке жебе қадалды.
Қаным мен жасым қоса ақты –
Таңатын кім бар жарамды.
Ақтық сөзімді арнадым –
Қонсайшы мені жағалап.
Алданып қалған арманым,
Қанаттарыңа аманат.


Қауырсын үзіп қанаттан,
Қайғымды қанмен бедерлеп.
Қалдырып кетем, әр ақ таң,
Қамығып тыңдар өлең деп.
Төбемнен ұшқан топты қаз,
Төменнен қалдым қол бұлғап.
Қапыда қандап кетті жаз,
Жолымды ащы сор былғап.
Үміт пен арман, сенімдер,
Қансырар, жерде шалқалап.
Аспандап ұша беріңдер,
Аманатымды арқалап.





Пікір жазу