29.08.2022
115
Мен не дейін…
Мен не дейін…
бәрі оңды,
Бас шұлғимын амалсыз.
Күдік алар зәремді,
Жүрексіз де… жанарсыз.
Тамыр ұстар тағдырым,
Өз қылығын өзі ұқпай.
Аларады әр күнім,
Қуыстанар сезікті ай.
Түн ұйқымды мың бөлер,
Көрпемді ашқан көп күдік.
Бұл халімді кім көрер,
Қуат берер текті үміт.
Тыным бермей ұзақ түн,
Түрткілеген сұм ойлар.
Жүректегі сызаттың,
Жазылуын кім ойлар?!
Нәпсі тиып аранын,
Сорлы сезім жүдеген.
Қайғы да бір қарағым,
Құшағыма түнеген.
Құрсаулаймын күшпенен,
Шерлі жүрек-құрғырды.
Жалғасады түспенен,
Таңым атып тым мұңлы.