29.08.2022
  111


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Сұрар болсаң ат-жөнімді, нарқымды..

Сұрар болсаң ат-жөнімді, нарқымды,
Шежіредей тарихым бар тартымды.
Тастай берік, таудай алып мен болам,
Қазақ дейді менің туған халқымды.
Антыменен адалдықта нық тұрған,
Айбынымен жауын жолдан ықтырған.
Менің халқым – тілсізді де сөйлеткен,
Домбыраға қазақ күйін ұқтырған.
Жыламаған тағдыр бастан тепсе де,
Мұқалмаған мың жыл азап шексе де.
Нар көңілмен нардың жүгін көтерген,
Құламаған белі үзіліп кетсе де.
Тап болса да қилы-қилы заманға,
Танысы көп, тамыры көп ғаламда.
Тар күнде де талайлармен достасқан,
Досы үшін өлуге бар табанда.
Тамыр болып, сыйласам деп тəп-тəуір,
Бер қолыңды, адалыңнан ақтарыл!
Сен де нағыз дос қадірін ұғарсың,
Не шалқыған, не қысылған шақта бір.
Нелер өнер туындаған қос қолдан,
Дəм татқанның көңілдері қош болған.
Кең пейілді, ер көңілді қазекем,
Қыранмен де қиыспастай дос болған.





Пікір жазу