Таңғажайып тағдыр
Көктемнің көңілді айы болатын-ды,
Азырақ аспан жылап, дала тынды.
Сəулеммен сайрандауға көлге бардым,
Шыңдап мен асыл арман – қанатымды.
Көл беті жел үрлесе дір етеді
Жағада құстар мақтап жыр етеді
Аспанның кемпірқосақ – белбеуіне.
Бұлттың да тұрды ілулі бір етегі.
Отырып мен қайықтың ескегіне,
Жаясын мылқау көлдің еспедім бе...
Шіркін-ай, малтар едім, – деді-ау сəулем,
Жасымнан теңізде ойнап өскенімде.
Əжімі су бетінің сирек дедім.
Сондықтан мағынасыз иректедім.
Ішімнен қойдым менде бір өкініп:
Қалайша саған малтау үйретпедім.
Жайшылық қара көзі тік қарайтын,
Сырын да түкпіріне тықпалайтын.
Сол күні от жанары назға толып,
Мен үшін бақыт алып шыққаны айқын.
Жайшылық ақ жанымды қинайтын-ды,
Ұстауға саусағын да қимайтын-ды.
Ұрсатын: – тəртіпсіз! – деп құшақтасам,
Беймаза жан жүрегім тулайтын-ды.
Сол күні келді күткен жақсы күнім,
Сыйлады сəулем маған жақсылығын.
Жарым деп шуақ күндей құшақтадым,
Өмірдің жасап мен де жақсы ырымын.
Бұл қайық махаббатқа бесік дедім,
Өзге үнді, өзге сөзді есітпедім.
Айқасқан сəулеменен от құшағым,
Алмаса айрылмайды кесіп дедім...
Кенеттен дауыл тұрды, көл тулады,
Мұндайды көрмеп едім мен туғалы.
Қайықтан екеумізді лақтырып,
Жіберді асау толқын өр тұлғалы.
Көк толқын дауыл қуған соқты бізді,
Құшақты мəңгілікке жоқ қып үзді.
Сол жерде бақытымнан мен айрылып,
Қасірет тіршіліктен шоқ қып үзді.
Сол жерде айырылдым мен ай, күнімнен.
Сол жерде айырылдым мен Айгүлімнен.
Сол жерде жалғыздықпен жарты өмірім,
Басталды өтетіндей қайғы мұңмен.
Дауылға бар табиғат бас ұрғандай,
Кең аспан құлап тауға асылғандай
Дүние лез демде қаңбақ болып,
Сезіндім көз жасыма қосылғандай.
– Айгүл! – деп көкіректен құлап ағын,
Естіліп таудан қосты бұлақ əнін.
Жел естіп жер əлемге жария етті,
Айгүлдің су ішіне құлағанын.
...Тартқанда өмір атты көш ілгері,
Өлең– гүл жүрегімнің өсіргені.
Көз жасым көл боп ақса жанарымнан,
Тіршілік, кешір мені, кешір мені?
Кезінде жайма шуақ көктеменің,
Көрермін, қызыл гүлдер көктегенін,
Сəулеме өз қолымен сыйлатпаған,
Тағдырға мен екі есе кектенемін.
Алдымен бақыт шамы жанса дəйім,
Сəулетай, өзіңе арнап əн салайын.
Табиғат қайта берсе нұр көктемін,
Мен қалай өткен күнді аңсамаймын.
Туса да сендей етіп айды да аспан,
Күлсе де шуақ сенше айнымастан.
Сенсіз мен жалғыз қайың шөлге біткен,
Қара түн мен сияқты қайғы басқан.
Шырқаса бұлбұл сенше бір қашықтан,
Қызғалдақ сенбе деймін қырға шыққан.
Күніне көтеремін мың үмітті,
Сенімен келе ме деп сырласып таң.
Кезіксе сенше күліп аққан бұлақ,
Түсемін сағынышпен аттан құлап.
Сен бе деп елеңдейді қаз даусына,
Ежелден жақсы хабар баққан құлақ.
Сен жоқсың, гүл айырылды көл бетінен,
Сен жоқсың, тау құлады жер бетінен.
Сен жоқсың, сен бар болса жер үстінде,
Жеткіз деп сағынышты желге өтінем.
Сен жоқсың жүрегіме көл боп тұнған,
Мен бармын бір өзіңе шөлдеп туған.
Сен жоқсың, махаббаттың шолпаны жоқ,
Сені іздеп жұлдыз болып сөнбек тұлғам.
Сағынып сол күндерді, сені аңсадым,
– Сынды – деп сөкпе, жаным, – неден сағын,
Болды тек тарыққанда, жабыққанда,
Серігім – қолымдағы қаламсабым.
Жоқ болдың сен жанымнан мəңгі кетіп,
Мен жүрмін өткелдерді аңдып өтіп.
Кезіккен таңғажайып тағдырымды,
Келемін достарыма əңгіме етіп.
Сені іздеп кезіп ауыл, дала, құмды,
Арқалап жүргенімде нала-мұңды.
Шіркін-ай тəтті ұйқыдан ояндым-ау,
Қапелім күшік қауып балағымды.